Сот түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың өтінішін орындамады

Жуырда белсенді 54 күн аштық ұстап, 20 килограм салмақ жоғалтқан


14/12/2022
12:24 23917 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Сот түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы адвокат Жанар Балғабаеваға сілтеме жасап хабарлады. 

 

Қорғаушы Жанар Балғабаеваның сөзінше, Қонаев қалалық соты белсендінің түрмеде айыппұлдары барын алға тартқан. 

 

– Айыппұлы бар деп және "тәртіпті өрескел бұзушы" деп өтінішін орындамады. Айыппұл оған биыл маусымда салынған. Біз айыппұлға қатысты шағым түсіргенбіз. Ол бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған болатын. [Соған қарамастан] Сотта оның айыппұлы бар деп есептелінді, – деді адвокат. 

Істі судья Олжас Күреңбаев қараған. Балғабаева сот шешімін апелляцияға беретінін айтты. 

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген.

Жуырда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген. Шамамен 20 килодан астам салмақ жоғалтып, денсаулығы нашарлаған белсенді 25 қараша кешке аштығын тоқтатты. Ермек Нарымбай бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын басынан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 килограм салмақ жоғалтқан. Өзінің айтуынша, "өзіне жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық білдірген.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/12/2022 12:24
23917 0

Уведомление